18:03, 05 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астанада соңғы үш тәулікте он күннің қары жауды
АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Желтоқсанның 31-інен қаңтардың 5-іне дейінгі аралықта елордада 70-ке тарта жол-көлік оқиғалары орын алған. Олардың тек біреуінде ғана адам жарақат алып, зардап шекті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Жол полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңажылдық мереке қарсаңындағы қарлы бұрқасындарға қарамастан, елордада көлік қозғалысы тоқтамаған. Сонымен бірге, соңғы күндері Астанада қардың қалың түсе бастауына байланысты автожолдардағы көлік қозғалысы жол полициясының қатаң қадағалауына алынған. Сонымен бірге, полиция қызметкерлері тәулік бойына қар тазалау техникаларының жолдағы қозғалысын қамтамасыз етіп, күре жолдарға да кезекшілікті ұйымдастырып отыр.
Тоқтала кететін жайт, қалалық гидрометерология мамандарының сөздеріне қарағанда, қаңтардың 3-інен 5-іне дейінгі үш тәулік ішінде елордада онкүндік қар мөлшері жауған. Бұндай қалың қардың түсуі ай соңына дейін қайталанып тұратынға ұқсайды.