Астанада «Сот билігі және БАҚ» тұрақты форумы өтіп жатыр

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған «Сот билігі және БАҚ» тұрақты форумы өтіп жатыр,

Астанада «Сот билігі және БАҚ» тұрақты форумы өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталмыш шараға Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков пен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, сондай-ақ Жоғарғы соттың судъялары мен заңгер мамандар,ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілер қатысуда. 

 Отырыс барысында еліміздің ақпарат кеңістігіндегі мәселелер жөнінде әңгіме қозғаған Сейітқазы Матаев қазіргі қоғамда сот шешімдерінің әділ, ал ақпарат құралдары тарататын мәліметтердің шынайы болғаны жөн екендігін атап өтті. «Бұл бағытта сот органдары қызметінің атқаратын маңызы зор. Өйткені еліміздің кез келген аймағындағы орын алған мәселелерге соңғы шешім шығаратын орган - сот. Ал олар ақпарат құралдарының өкілдеріне мейлінше қолдау көрсетіп, демеп отырса, нұр үстіне нұр болмақ», деді төраға.

 Осыған байланысты ол жиын барысында бүгінде өзінің сот саласындағы біліктілігімен және мол тәжірибесімен танылып, сол тәжірибесін журналистер қауымымен де бөлісіп жүрген Жоғарғы соттың судъясы Мәрзия Балтабайға арнайы диплом табыс етті.

 Бүгін күні бойы өтетін форум барысында заңгерлер мен тілшілер еліміздің ақпарат кеңістігінде орын алып отырған және тілшілер қызметінің сот органдарымен жұмысы барысында жиі кездесетін көптеген мәселелер жөнінде сұрақ- жауап алмасатын болады. 

 Естеріңізге сала кетейік, «Сот билігі және БАҚ» форумы тұрақты түрде Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылып тұрады және оған негізінен тілшілер мен заң қызметкерлері қатысады. Жиынның ұйымдастырушысы ҚР Судьялар одағы мен «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры. Аталмыш жобаны АҚШ-тың Демократиялық агенттігі қолдап отыр. Жоба 2,5 жылға есептелген. Келесі жылы осы форум аясында журналистерге арналған «Сот қызметі жөнінде жазатын тілшіге нені білу керек?», деген әдістемелік құрал дайындалмақ.