Астанада сот саласы мен БАҚ өкілдері бас қосып, өзара қарым-қатынас жайын ортаға салды

Аталмыш шара АҚШ-тың демократиялық даму жөніндегі агентігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Отырыс барысында Судьялар этикасы жөніндегі комиссияның журналистер қауымдастығымен байланыс және Сот репортерлары гильдиясының мақсат-міндеттері мен құрылымына қатысты мәселелер талқыланбақ.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде сөз қозғаған Қазақстан Судьялар одағының төрағасы Владимир Борисовтың айтуынша, ақпарат құралдары өкілдерінің кез келген мәселеде нақты әрі мүмкіндігінше объективті болғаны дұрыс. Себебі елімізде аз ғана кемшіліктерге бола бүтіндей сот жүйесіне күйе жағу әрекеттері де ара - тұра кездесіп отырады. Осыған байланысты сот өкілдері тарапынан кейбір ақпарат құралдарының әрекеттеріне шағымданушылар да бар.
Сондай-ақ Судьялар одағы төрағасының пікірінше, Сот репортерлары гильдиясын құру - осы мәселемен айналысып жүрген ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттырып, оларға деген сенімді күшейтеді. Өз кезегінде бұл жағдай тілшілердің жұмысына қажетті мүмкіндіктер жасайды.
Отырыс барысында оған қатысушылар күн тәртібіндегі осы және өзге де бірқатар мәселелер жөнінде өздерінің көзқарастарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.