Астанада сот санкциясымен бес айда 434 адам қамауға алынды
«Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қызметін 2018 жылдың 31 шілдесінде бастаған болатын. Осы уақытта 5 судья 4 491 шағым және материалды қарап үлгерді. Осы кезең барысында қылмыстық процесс қатысушылары берген арыз-шағымдардың 35% қанағаттандырылып (2016-2017 жылдары - 18%), 35 жеке қаулы шығарылды», - делінген ақпаратта.
Сот төрағасы Нариман Бекназаровтың айтуынша, сот бақылауы сот жүйесі қызметінің жаңа формасы болып табылады: бұзылған құқықтар қалпына келтіріліп, олардың алдын алу үшін әрекет ету шаралары қабылданады.
Мәлім етілгендей, сот бес айда 434 адамды қамауға алуға санкция беріп, 98-і (18,4 %) бойынша өтінімдерді қанағаттандырудан бас тартқан. Салыстыру үшін, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 678 өтініш қаралып, 622-сі қанағаттандырылған, 56-сы қайтарылған (8%). 2016 жылы 1 011 адамды қамауға алуға санкция берілген.
Қалыптасып үлгерген тәжірибе келіп түсетін материалдар санын азайтуға септігін тигізді. Мәселен, қылмыстық қудалау органдары қамауда ұстау бұлтартпау шараларын аз қолдана бастады. Олардың орнына кепілдікпен босату және үйқамаққа алу шаралары қолданылуда. Бес айда 46 тұлғаны кепілдікпен босату, 48 адамды үйқамақта ұстау санкцияланды (2016 жылы кепілдік - 3 жағдайда, үйқамақ 47 жағдайда қолданылды).
1 521 материал бойынша тінту, тәркілеу, дүние-мүлікке арест қою және тағы басқа шараларға санкция берілді.
«Қылмыстық тексеру органдарының азаматтардың мүлкіне арест қою туралы бастамаларының жартысынан астамы - 49 материал қайтарылып, 41-і қанағаттандырылды. 824 құпия тергеу амалдарына санкция беріліп, соның 14-іне қатысты жеке қаулы шығарылды», - деп атап өтті соттан.