Астанада Спорт күні кеңінен аталып өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таңсәріден спорт кешенінің аумағына жиналған елорда тұрғындары мен қонақтарының арасында ересектермен қатар ата-анасын қолдауға келген балалардың да қарасы көп. Жарыстың әр қатысушысы өз күші мен дене дайындығын көрсетуге тырысты, деп хабарлайды Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінен.
«Барыс» спорт кешенінің аумағы бірнеше учаскеге бөлініп спорттың стритбол, армрестлинг, жатып штанг көтеру, кір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен қатысушылар өзара бақ сынасты.
Спорттың басым бөлігінде астаналық сақшылар өздерінің басымдылығын танытты. Жатып штанг көтеру мен кір көтеруде үздік командалық бәсекеде полицияның жедел қимылдайтын арнайы жасағы өз дене дайындығының ұшқырлығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Кір тасын көтеруде де осы жасақтың қызметкері полиция лейтенанты Аман Зулгарин қарсыластарын шаң қаптырып чемпион атағын иеленді. Екінші орынды Астана қаласы ІІД жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері полиция лейтенанты Олжас Жармагамбетов қанағат тұтты. Ал жатып штанг көтеруде Сарыарқа ауданы ІІБ Криминалдық полиция қызметкері полиция капитаны Бауыржан Камалиев үздік өнер көрсетті.
Күш атасын танытатын армрестлинг өз жанкүйерлеріне тамаша көрініс сыйлады. Осы жарыста алдына жан салмаған ІІД ЖҚАЖ қызметкері Денис Васильев абсолютті чемпион атанды.
Спорт күнін атап өту барысында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, музыканттар мен әртістер шараның көрігін қыздырды. Жүзден жүйрік шыққандарға грамоталар, медальдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.