Астанада Спорт күніне орай түрлі бұқаралық шаралар өтеді
Тамыздың 14-і күні сағат 09:00-де "Толқын" спорт кешенінде 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан турнир өтсе, сағат 13:45-те "Барыс" спорт кешенінде шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдер арасында көрсетілім ойыны ұйымдастырылады. Кешкі сағат 18:00-де "Ғашықтар" саябағында түрлі спортты шаралар өткізілмек. Атап айтқанда, тұрғындар кір тасын көтеру, қол күресі, асық ату секілді спорт түрлерінен күш сынасады. Ал жекпе-жек өнерін ұнататын елордалықтар киокушинкай-кан каратэ, каратэ-до және қол жекпе-жегінен өткізілетін көрсетілімдерді тамашалай алады. Тамыздың 15-і күні сағат 09:00-ден бастап "Барыс" спорт кешенінде барлық қала тұрғындары коньки тебе алады. Спорт кешені алдындағы алаңда пауэрлифтинг, стритбол, кір тасын көтеру, қол күресі түрлерінен жарыстар өткізіледі. "Астаналық" саябағында жастардың қатысуымен «Fitness Palace Astana» бойынша шеберлік сағаттары өтеді. Ал сағат 13:00-15:00 аралығында "Жерұйық" саябағында көркем гимнастика бойынша көрсетілімдер, "Ататүрік" саябағында дартс бойынша сайыс, "Арай" саябағында бокстан жарыс ұйымдастырылады. 16 тамыз күні "Аружан" СО алдында думанды шаралар өтпек. Еске сала кетейік, Қазақстанда Спорт күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 2003 жылдың 15 қарашасынан бастап аталып өтуде.