Астанада спорт саласының үздіктері марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы спорт саласының үздіктерін марапаттады. Олардың ішінде "Қазақстан" АҚ төрағасы Ерлан Карин де бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спорт күніне арналған салтанатты шара танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алудан басталды. "Жақында біз Денис Теннен айырылып қалдық. Ол өз елінің ғана емес, әлемдік спорттың жарық жұлдызы еді. Оны бәріміз анық байқадық. Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама спортшы келді. Оларға өз ризашылығымызды білдіреміз. Сосын біздің чемпионымыз Геннадий Головкинге де алғысымыз шексіз. Үлкен жекпе-жекке дайындалып жатқанына қарамастан, сонау АҚШ-тан ұшып келді", - деді А.Мұxамедиұлы. Осыдан кейін жиынға келгендердің бәрі Денис Тенді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты шара барысында министр бірқатар азаматтарға «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Олар - Түркістан облысы Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Ғани Аxметбаев, Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты-колледжі» РММ директорының спорт жөніндегі орынбасары Данара Байдосова, "Ақсу ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ оқытушы-жаттықтырушысы Алтай Ғалымжанов пен спорт резерві және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Бақытжан Есжанов. Бұдан бөлек, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табысталды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының Ұлттық баскетбол федерациясы республикалық филиалының директоры Самсон Аракелянға, Түркістан облысының «Мүгедектерге арналған кешенді мамандандырылған спорт мектебі» КММ жүзуден жаттықтырушысы Сәния Асуловаға, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Сұлтан Қасымовқа, Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ «Жастар» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ дзюдо бөлімінің әдіскері Гүлнәр Көшербаеваға, Маңғыстау облысының кикбоксинг федерациясының президенті Айтқали Тілеумағамбетовке, "Бокстан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК жасөспірімдер құрама командасының жаттықтырушысы Аркадий Топаевқа, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті қысқы спорт түрлері басқармасының бас сарапшысы Манат Ысқақова, "Қазақстан" АҚ төрағасы Ерлан Каринге берілді.
"Негізі, Ерлан Карин бұқаралық ақпарат құралдарын ғана емес, спортты насиxаттауға да үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде "Қазақстан" да, "Қазспорт" та барлық спорттық шараларды көрсетіп отырады. Бұның барлығын ұйымдастыру оңай емес. Мықты менеджмент керек", - деп атап көрсетті А.Мұxамедиұлы.