Астанада спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионаты өтуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық IT саласы қарқынды дамып келеді. Сала мамандарының жалақысы өсіп келеді, бір жыл ішінде орташа жалақы шамамен 100 мың теңгеге көтерілген. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде елімізде 16 мыңнан астам ІТ компания бар, аталған салада 180 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жалақы көлемі де қарқынды өсіп жатыр, бір жыл ішінде орташа жалақы шамамен 100 мың теңгеге көтерілді. Оң динамика әрі қарай өсу мүмкіндігін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде ІТ саласын ең тартымды бағыттардың біріне айналдырды. Сондай-ақ, спорттық бағдарламалауды насихаттау және дамыту IT индустриясын дамытуға үлкен ықпалын тигізеді. Осы мақсатта Астана қаласында спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берілді», - деді Бағдар Мусин Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, IT экспорт бес есе өсіп, 334 млн АҚШ долларға жетті. Оның ішінде 153 млн АҚШ доллары Astana Hub-тың қатысуымен іске асты.
«Бұл біздің цифрлық өнімдеріміздің халықаралық аренада бәсекелі болуының көрсеткіші. Astana Hub — Орталық Азия өңіріндегі Google for Startups-тің жалғыз серіктесі. Қазақстан аймақтық ірі IT ойыншысына айналып келеді. 15 қыркүйекте Орталық Азия мен Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің стартаптарын қолдауға және ілгерілетуге бағытталған Silkroad Innovation Hub өкілдігі ашылады. Одан бөлек IT мамандарды тарту мақсатында Digital Nomad visa жобасы іске асырылады», - дейді ол.