Астанада спорттық покерден турнир өткізуді желеу етіп, казино ұйымдастырған азамат 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегілді

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - «Астанадағы интеллектуалдық-спорттық покер федерациясы» филиалының әкімшісі азамат Нұғманов 200 сағат қоғамдық жұмыстарға сотталды.

Астанада спорттық покерден турнир өткізуді желеу етіп, казино ұйымдастырған азамат 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегілді

   Ол спорттық покер бойынша турнир өткіземін деген желеумен казино қызметін ұйымдастырған. Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, «Астанадағы интеллектуалдық-спорттық покер федерациясы» филиалы әкімшісі ұйымдастырған покер залында 1,4 млн.теңге және 400 АҚШ доллары сомасында ақша қаражаты алынды.

«Жалпы, Қаржы полициясымен спорттық покер бірлестіктері атын жамылып жұмыс істеген 23 заңсыз ойын мекемелерінің қызметі анықталды. Мәселен, Алматыда «Галианос» покер клубының заңсыз қызметі тоқтатылды. Онда спорттық покер бойынша турнир өткізудің орнына заңсыз ойын бизнесі жүзеге асырылған. Клуб иегері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді М. Жұманбай.