Астанада стартаптарға арналған Astana Hub Battle жарысы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада технологиялық стартаптарға арналған Astana Hub Battle жарысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада стартаптарға арналған Astana Hub Battle жарысы өтеді

Байқауға өтінішіт Digital Bridge форумының сайтында 15 қазанға дейін қабылдайды.

«Astana Hub Battle жарысы 2019 жылдың 24-25 қазанында «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы аясында өтеді. Іс-шараның басты мақсаты – үздік технологиялық стартап-жобаларды анықтау және оларды дамыту үшін ақшалай сыйлықтармен марапаттау», делінген хабарламада.

Astana Hub Battle-ға қатысу үшін стартап иелерінде MVP немесе MVO сатысындағы жоба, сондай-ақ команданың кемінде екі қатысушысы болуы тиіс. Бірінші кезеңде өтінім іріктеледі, екінші кезең - жартылай финалда жобалар таныстырылады, ал соңғы кезең, яғни финалға 10 стартап-жоба өтеді.

Astana Hub Battle жүлде қоры – 30 000 АҚШ долларын құрайды, бірінші орынға — 15 000, екінші орын — 10 000, үшінші орын — 5 000 доллар.

Айта кетейік, өткен жылы Astana Hub Battle жарысында бірінші орынды автомобильден шықпай жанармай құюға және төлем жасауға мүмкіндік беретін жүргізушіі мен жанармай стансасы иелеріне арналған Smart Gas сервисі, екінші орынды веб-сайттарды мониторингілеу және қорғау бойынша кешенді шешімдер әзірлейтін WebTotem стартап-жобасы, үшінші орынды контрагенттердің адалдығын тексеретін Kompra сервисі иеленген болатын.

Astana Hub баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыстың жартылай финалына өткен стартаптар «Digital Bridge» форумы аясында өтетін «Стартап аллея» көрмесінде әлеуетті инвесторлар алдында өз жобасын ұсынуға бірегей мүмкіндік алады.

Қатысушыларды іріктеудің талаптары, сондай-ақ жобалардың басым бағыттары туралы www.battle.astanahub.com сайтынан білуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, 24-25 қазанда астанада «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтеді. Бұл – ІТ-қауымдастық үшін Қазақстандағы ең ауқымды оқиға.

«Digital Bridge» форумы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Іс-шараның негізгі мақсаты – сандық даму саласында инновациялық шешімдер мен тәжірибе алмасу үшін диалог алаңын ұйымдастыру.

Форумға стартаптар, IT-компаниялар, сарапшылар, инвесторлар, бизнесмендер, журналистер, сондай-ақ мемлекеттік және корпоративтік секторлардың өкілдері қатысады.