Астанада студенттер арасында бокстан VI жазғы универсиада басталды
Биыл елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бұл доданы өткізу мәртебесіне ие болып отыр.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашевтің айтуынша, бокс турнирі 30-ға тарта спорт түрінен өтіп жатқан республикалық универсиаданың аясында ұйымдастырылып отыр.
«Жарыста 4 күн бойы елдің 30-ға тарта университеттерінен келген 165-тен астам боксшы бақтарын сынайды. Мен осы турнир нәтижесінде бокстың жаңа есімдері шығатынына күмәнданбаймын»,-дейді университет ректоры.
Бокс додасына Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Семей, Өскемен қалаларынан командалар келген.
«Бүгін жеңілгендер болмайды, барлық боксшылар, жанкүйерлер, қазақстандықтар ұтыста болады. Себебі осындай додалар арқылы біз саламатты өмір салтын насихаттап, жастар арасында үлкен спорттың беделін арттырамыз», - деп атап көрсетті ол.