Астанада студенттер емханасының филиалы ашылды

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің медициналық орталығы базасында № 3 қалалық емхананың филиалын ашты.
None
None

Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Филиалдың 7 кабинеті бар және ҚазАТУ студенттеріне амбулаторлық-емханалық көмек көрсету үшін 14 білікті маманмен жасақталған. Филиалдың ашылуы студенттерге медициналық көмек көрсету сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ, қаладағы 53 оқу орнында оқитын 57 747 студентке (оның ішінде 14%-ы ҚазАТУ студенттері) медициналық қызмет көрсететін № 3 қалалық емхананың жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Филиал С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аумағында 2012 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан медициналық орталық базасында орналасқан. Университет ауданы 220 м2 болатын орынжайды 8 248 студентке қызмет көрсететін 3 терапевтік участок орналастыру үшін тегін ұсынып отыр.

Медицина қызметкерлері профилактикалық және терапевтік тексерулер, сондай-ақ, функционалдық диагностикалық қызметтер көрсетеді. Бұдан өзге әлеуметтік қызметкерлер және психологтар студенттерге аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша кеңес беріп, тренингтер өткізіп, сауалнамалар жүргізеді.

Филиал 2013 жылдың 20 наурызында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Астана қаласы әкімдігі арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум аясында ашылып отыр.

Аталған меморандумның мақсаты - студенттерге амбулаторлық-емханалық медициналық көмек көрсету сапасы мен қолжетімділікті және қызмет көрсетуді жақсарту, сондай-ақ, әрбір студенттің өміріне профилактикалық сауықтыру шараларын ендіру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар