Астанада студенттер зардап шеккен жол апатының видеосы пайда болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 наурыз күні түнде Бөгенбай батыр даңғылы мен Бейбітшілік көшесінің қиылысында орын алған жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Осы ретте тиісті сараптамалар тағайындалды. Жол апатынан қатты зардап шеккен екі студент қыздың біреуі (Айжан Қазбек) 1 сәуір күні ауруханада көз жұмды. Атап айтқанда, бүгінде бірнеше сараптама жүріп жатыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар аяқталғаннан кейін, тиісті қорытынды шығарылады»,-деді елорда ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген мәліметінде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жол апатына байланысты ауыр халде жатқан қыздардың жақындары астаналықтардан қан тапсыруды өтінген болатын. Сонымен қатар студент қыздардың туыстары сол апатты автокөліктегі бейнекамерасына түсіріп алғандар болса, әлеуметтік желілерде көрсетілген телефондарға хабарласуды сұраған еді .
Осы орайда Ерлан есімді куәгер жол апаты болған сәтті түсірілген видеоны ұсынған екен. Куәгермен телефон арқылы байланысқа шығып, жол-көлік оқиғасы туралы сұраған болатынбыз. «Бейне жазбадан барлығы көрініп тұр ғой. Екінші көліктің қиылысқа қатты жылдамдықпен келгені байқалады»,-деді ол.