Астанада студенттердің «Қоғам кеше және бүгін!» атты республикалық фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Шабыт» шығармашылық сарайында «Қоғам кеше және бүгін!» атты студенттердің республикалық фотокөрмесі ашылды.

Астанада студенттердің «Қоғам кеше және бүгін!» атты республикалық фотокөрмесі ашылды

Қазақстандық талантты жастардың басын қосып, суретке түсіргенді жаны қалайтын жандардың фотокөрмесін ұйымдастырған Республикалық пікірсайысшылар қауымдастығы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

 Көрмеге жалпы саны 14 жас фотографтың 80-ге тарта  тырнақалды еңбектері ұсынылды. Көптен бері жоспарлап жүрген жастар, бұл атаулы күнді асыға күтіпті. Сондықтан болар, көрмеге өз жұмыстарын қоюға ынта білдіргендердің санында есеп болмады. Жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісуде белсенділік танытып, көпшілік қауымды қуана қарсы алуға талпынды. Қоғамның бүгінгі сәттерін түсіріп, қалалардың тың бейнелеріне тіл бітірген өнерпаздар өнеріне жиналған көпшілік тәнті болды.

 «Бұл фотокөрмеге астаналық студенттермен қатар, Павлодар, Өскемен, Қарағанды және елдің басқа да өңірлерінен жас фото шеберлерін тартқан едік. Суретке түсіру олардың сүйікті ісі және осында ілінген әрбір жұмысқа қарап, осы өнер түрін терең меңгергендігін көруге болады. Фотокөрме - олардың қоғаммен сұхбаты десе болады», - дейді Республикалық пікірсайысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Айнұр Мұқанова.

 «Қазіргі жастар фото, бейнетүсірілімдерді жасауды ұнатады. Сондықтан бізде осындай фотокөрмені өткізу идеясы туды. Мұнда түрлі жанрлардағы туындылар қойылған. Фотосуреттердің артқы тұсында автордың байланыс мәліметтері болады. Онымен танысып, байланысқа шығамын деген кез келген фотограф көрмедегі фотосуреттерді алып кете алады», - дейді ол.