Астанада студенттердің «Шабыт» ұлт аспаптар оркестрінің есептік концерті өтті
АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Шабыт» ұлт аспаптар оркестрінің есептік концерті өтті.
«Шабыт» ұлт аспаптар оркестрі аталмыш университеттің 30-дан астам студентінен құралған, көркемдік жетекшісі - Гауһар Сармантаева. Олардың репертуарында қазақ және шет ел композиторларының көптеген туындылары бар. Домбыра, сазсырнай, баян, қобыз, шаңқобыз, даңғыра, дауылпаз және қоңыраулы аспаптардың үндескен үнімен қазақтың күй сандығының жауһарлары - Қазанғаптың «Құс қайтару», халық күйі «Ел айырылған», Дайрабайдың «Дайрабай», Құрманғазының «Жима» (жігіттер ансамблі), «Сарыарқа» күйлері және тағы басқалары сондай-ақ, А.Андреевтің «Финская полькасы», Моцарттың «Рондасы», М.Огинскийдің «Полонезі» орындалды.
Сондай-ақ «Шабыт» оркестрінің сүйемелдеуімен Астана қаласы филармониясының әншілері халық және қазіргі композиторлардың әндерін орындады.
Айта кетейік, оркестр С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ базасында 1967-ші жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оркестрдің арқасында осы уақытқа дейін талай жас бойындағы талабын шыңдап, музыка өнерін кәсіби деңгейде меңгеріп шықты. 1985 жылы оркестрге «Халық көркемөнерпаздары ұжымы» атауы берілді. «Шабыт» 2008 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі» фестивалінің жеңімпазы, 2010 жылы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Рухани қазына» қалалық ұлт аспаптар ансамбльдері байқауының 1-ші орын иегері.