Астанада студенттерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық Esil University-де жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушылар жастар саясаты мәселелері жөніндегі қалалық басқарма, «Астана жастары» ЖРО қалалық еңбек ұтқырлығы орталығымен және ЖОО-мен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы білім беру ұйымдарының түлектерін, сол сияқты жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
«Жәрмеңкеге 500-ге жуық адам қатысты, олар негізінен үшінші-төртінші курс студенттері, олар жақын білімі бар мамандарға айналады және жұмысқа орналасуды қажет етеді. Мұнда 50-ден астам ұйым – мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық кәсіпорындар өздеріндегі бос орындарын ұсынды. Біз осындай іс-шараларды үнемі ұйымдастырып отырамыз. Бұл жәрмеңке биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл соңына дейін ЕҰУ-да тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді «Астана жастары» ЖРО NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Болатқызы.
Студенттер жұмысқа орналасуға көмектесетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің тиімділігін атап өтті.
«Мен «Есеп және аудит» мамандығы бойынша төртінші курста оқимын, болашақта бухгалтер боламын. Әзірге бухгалтердің көмекшісі ретінде тәжірибем бар. Жақында оқуымды тәмамдаймын, сол себепті болашақ жұмысым туралы ойланып жүрмін. Жәрмеңке – бұл өзіңе лайықты жұмыс табуға жақсы мүмкіндік, мұнда да таңдау бар», - деді елордалық ЖОО студенттерінің бірі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек нарығындағы теңсіздік пен мамандар тапшылығы мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.