Астанада студенттерге арналған Global Challenges фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17-19 мамыр аралығында Астанада Global Challenges Summit фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш фестивальге елорданың екі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары - Назарбаев Университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатыса алады. GLOBAL CHALLENGES SUMMIT фестивалі аясында студенттерге маңызды технологиялық жаңалықтар және соларға байланысты туындаған сын-қатерлер туралы айтылады.
Ұйымдастырушылардың уәдесі бойынша, фестивальде еркін тіркелу мүмкіндігі болады және көпшілікке арналған бағдарламалар дайындалуда.
17 мамыр - фестивальдің алғашқы күнінде Назарбаев университетінде CEO Shazam негізін салушы Крис Бартон, «Reconnecting Asia Project» зерттеу жобасының директоры Джонатан Хиллман, SENS қорының ғылым жөніндегі директоры және төрағасы Обри Ди Грей сөз сөйлейді. Global Challenges Summit шарасының екінші күні қалалық зерттеулер мен жоспарлау Департаментіндегі City Design and Development Group ғылым кандидаты және Massachusetts Institute of Technology-ндегі Senseable City Lab зерттеушісі Рикардо Альварес, TechCrunch Europe бас редакторы Майк Бутчер, режиссер, Венециялық халықаралық «Алтын арыстан» кинофестивалінің бас жүлде иегері (1984) Кшиштон Занусси, PolitiFact фактчекері Джон Гринберг жалғастырмақ.
17 және 18 мамыр күндері ЕҰУ-де «China EconomicQuarterly» журналының бас редакторы, «Азиялық басқару моделі» еңбегінің авторы Джо Стадвелл, жалпыәлемдік банктің дамыту экономикасы жөніндегі аға директоры Шантаянан Девараждан, «Ақылды қалалар: ауқымды ақпараттар, қоғамның хакерлері және жаңа утопияны іздеу» кітабының авторы Энтони Таунсенд және тағы да басқалары студенттерге өз дәрістерін оқитын болады.