Астанада су құбыры жарылып, бірқатар үйлерге су беру тоқтатылды
АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада Сейфуллин және Сабыр Рахымұлы көшелерінің қиылысында су құбырының бұзылуына байланысты Торайғыров пен Омаров көшелерінде орналасқан үйлерге су беру тоқтатылды.
Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана су арнасы» МКК баспасөз қызметінен хабарлады.
«Апатты жою үшін апаттық учаскені судан ажыратуға байланысты, келесі мекенжайларда сумен жабдықтау жүйесі уақытша тоқтатылады: Торайғыров көшесі, № 2 үй, «Замечательный» ТК, Омаров көшесі 111, Сейфуллин көшесі, 47, Сейфуллин көшесі, 37, Сейфуллин көшесі, 42», - делінген хабарламада.
Мекеменің astana.kz сайтына хабарлауынша, бүгін сағат 05.50 «Астана су арнасы» МКК апаттық-диспетчерлік қызметіне Сейфуллин көшесі мен Сабыр Рахымұлы көшесінің қиылысында диаметрі 700 мм-лік су құбырындағы апат туралы өтінім келіп түсті. Аталған мекенжай бойынша апатты жою үшін 20 арнайы техника мен «Астана су арнасы» МКК ЖПУ-3 3 бригадасы жұмылдырылды.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған мекенжайлар бойынша су тасымалдау ұйымдастырылады. Апатты сағат 18.00 жою көзделген.