13:00, 06 Маусым 2023 | GMT +5
Астанада су тапшылығын шешу үшін Бішкектегідей монша мен көлік жуатын орындарды жабу керек пе
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Үкімет кулуарында Астанадағы су тапшылығын шешу үшін Бішкектің тәжірибесін қолдану қаншалықты орынды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астанадағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін Бішкектің үлгісі бойынша моншалар мен бассейндерді, көлік жуатын орындарды жабу керек пе?» деп сұрады БАҚ өкілі спикерден.
«Қазір олай істеудің қажеті жоқ. Өйткені су сорып, сүзетін станса іске қосылады. Бірақ келешекте проблема болады. Ол үшін су тартатын арна салу керек», - деді вице-премьер.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қырғызстан астанасында монша, көлік жуу орындары мен бассейндер уақытша жабылып жатқанын жазған болатынбыз.
Мэрия баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыз су тапшылығына байланысты мэр орынбасары Жыргалбек Шамыралиев тиісті қызметтермен бірге рейд жүргізген.
Тексеру қорытындысы бойынша үлкен көлемде су жұмсайтын жеке моншалар, көлік жуу орындары мен бассейндер уақытша жабылған.