Астанада су тасқыны кезінде 309 құтқарушыдан тұратын топ жасақталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Су тасқыны маусымы басталысымен қала тұрғындарынан еріген қар суын сорғызып алу бойынша барлығы 1 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осылар бойынша 129 630 текше метр қызыл су тартылып алынған. Сонымен қатар 3,2 млн текше метр қар шығарылды. Қазіргі кезде елордада су тасқыны жағдайы қалыпты, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.
Астанада су тасқыны жағдайына дайындық ерте басталды. Қала аумағында көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Су тасқыны жағдайының алдын-алуға бағытталған негізгі іс-шаралардың бірі - қала аумағындағы қарды тазалау. Осыған байланысты екі ауысыммен түнгі уақытта қар тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Сегіз эвакуациялық пункт дайындалып, 30 шақырым су өткізгіш және 326 шақырым арық пен нөсер-кәріз желілері тазартылды.
Қала аумағында адам көп шоғырланатын 266 нысан бойынша қар тазалау жұмыстары уақытылы аяқталды.
Суды сорғызып алу мен қарды тазалаудан басқа 309 адамнан және төтенше жағдайды жоюға арналған күштерден тұратын топ жасақталды. Сонымен қатар, су тасқыны жағдайында халықты жедел құлақтандыру үшін қалалық құлақтандыру жүйесі дайындалды.