Астанада су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша комиссия құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қаңтарда басталған су тасқынына қарсы іс-шаралар көктемнің алғашқы айы келісімен күшейе түсті, деп хабарлады astana.gov.kz.
Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, аудан әкімдіктерімен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, қалада 23 су басуы ықтимал аумақтар анықталды, олар бойынша қосымша тексеру жүргізілуде. Су басу қаупі «Алматы» ауданында аса жоғары, онда 13 аумақ анықталған: Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы, Қазгородок, ескі базар және ЖЭО-2 аумағы, Промышленный, Железнодорожный, Интернациональный тұрғын алаптары, «Қазақстан» дүкені аумағындағы жеке сектор және т.б. Қалада қар тазалау жұмыстары екі ауысыммен жүргізіледі. Айта кетейік, наурыз айында билік су тасқынының алдын алу шараларын күшейтеді, соның ішінде, нөсерлі коллекторларды, су жүргізу каналдарын, құбырлар мен арықтарды тазалауға, жылжымалы су сорғыштар мен гидротехникалық құрылыстарды дайындауға байланысты жұмыстар қолға алынады. - Наурыздың екінші онкүндігінде Есіл өзенінің арнасы мен салаларындағы мұз жағдайын, қар жамылғысының қалыңдығын және басқа да еріген сулардың ағуына кедергі келтіретін жағдайларды зерттеу үшін тексеру жоспарланған, - дейді Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкері Жасұлан Байжанов. Аталған шаралар «Қазгидромет» РМК, Есіл бассейндік инспекциясы, салалық ведомстволармен бірігіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар, гидрологиялық бақылау бекеттерінде Есіл өзенінің арнасындағы су тасқыны жағдайының дамуын қадағалау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. 2014 жылғы 27 қазаннан бастап, қысқы кезеңде полигонға 2 828 387 текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар, 2015 жылы Астана қаласының аумағында көктемгі тасқын суын жүргізуге дайындық бойынша іс-шаралар жоспарының негізінде «Астана Тазалық» ЖШС су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша 3 ауданда комиссия құрып, тәулік бойы кезекшілік етуді ұйымдастыру үшін орын бөлді. Төтенше жағдайлар кезінде хабарландыру сызбалары жасалды. Су тасқынына қарсы комиссия тұрғындардың сұрақтарын қабылдауға арналған байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген: - Алматы ауданы: 484337, 8-771-996-35-69 - Есіл ауданы: 484326, 8-771-996-35-72 - Сарыарқа ауданы: 484392, 8-771-996-35-73 - ТЖ үшін номер: 49-67-90 - орталық диспетчерліктің телефондары: 54-58-19, 38-57-09