Астанада су және кәріз жүйесі жаңғыртылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында тозығы жеткен кәріз жүйесі, су құбыры желілері аз емес. Тіпті, өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бері жөндеу көрмеген коммуналдық нысандар бар. Салдарынан жиі апатты жағдай тіркеліп, тұрғындар зардабын тартып жатады.

Осы ретте, бұл шаруаға жауапты құзырлы органдар инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Инвестициялық бағдарламаны орындаудың ашықтығын жариялау мақсатында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті БАҚ, мәслихат депутаттары мен Астана қаласы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері үшін «Астана Су Арнасы» кәсіпорнының объектілері бойынша баспасөз турын өткізді.
Аңғарғанымыз, әр учаскеде жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. «Астана Су Арнасы» кәсіпорны бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Ержан Шәріповтің айтуынша, жұмыс күші жеткілікті. Тіпті, тиісті жұмыстар аяқталған соң абаттандыру жұмыстарымен айналысатын бригада да бар екен. Қажетті материалдар дайын.

«Былтыр 2,2 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Биыл қаражат көлемі артып, 2,3 млрд теңгені құрап отыр. Қаражатқа су құбыры және кәріз желілерінің 8 шақырым болатын апаттық учаскелерін реконструкциялау, 16 тозған сорғы жабдығын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ержан Шәріпов.
Сондай-ақ, натрий гипохлоритін өндіру бойынша электролиз қондырғысын (ауыз суды зарарсыздандыру), желілерді траншеясыз қайта төсеу жөніндегі қондырғыларды, кәсіпорын объектілеріне арнайы техниканы, сондай-ақ мамандандырылған жабдықты сатып алған.

Инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде су желілерінің тозуын 41% - дан 39,5% - ға дейін төмендету, судың нормативтік ысыраптарын 17% - дан 16,5% - ға қысқарту және апаттық жағдайларды 2% - ға азайту көзделген.

