22:47, 31 Мамыр 2016 | GMT +5
Астанада суға түсу маусымы ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада суға түсу маусымы ашылады. Суға түсу маусымы қарсаңында Астана қаласының ТЖД тұрғындарды суда шомылу және көмек көрсету ережелерімен ақпараттандыру мақсатында брифинг өткізді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

1 маусымда суға шомылу маусымы шартты түрде басталғанымен Есілдегі судың температурасы небәрі +12 градус қана, ал жүзуге болатын ең төменгі температура +20 градус болуы керек.
«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, маусым айында адамдардың суда қаза табу жағдайлары көп тіркеледі. Ауа температурасы жоғары болғанымен, судың тек жоғары қабаттары ғана жылынып, ал тереңінде 8-10°С төмен болады. Бұл қайғылы жағдайдың орын алуына әкелуі мүмкін», делінген хабарламада.
Қазіргі кезде елордада 80 құтқарушы бар, тиісті жұмыстарға 23 катер тартылған.