Астанада суицидке бейім балаларға жедел көмек көрсету тобы құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балаларға консультативтік және психологиялық көмек көрсететін жедел топ құрылды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық мәслихатының 40-сессиясында қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева айтты.
«Бүгінде елордадағы суицидтік ахуалдың алдын алу үшін ведомствоаралық қарым-қатынастардың жүйелі жоспарлары бекітілді. Сол жоспар бойынша тәжірибелі психологтар мен дәрігер-психиатрлардан топ құрылып, олар суицид орын алған білім беру мекемелерінің ұстаздар ұжымына, балаларға, жалпы, суицидке бейімі бар, психологиялық жағынан тұрақсыз жасөспірімдерге консультативтік және психологиялық көмек көрсетуде», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, студенттер арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицид оқиғаларының алдын алу мақсатында оқу жылының басынан бастап елорда колледждерінде 10-нан астам әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Олар жастардың бойындағы рухани-адамгершілік, патриоттық сезімдерді оятып, кез келген мәселені ақылмен шешуге болатынына көз жеткізуге бағытталған
«Бізде әрбір колледждің басшысы үлкен жауапкершілік арқалап жүр. Сондай-ақ, олардың орынбасарларымен де тұрақты түрде суицидтің алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп тұрады», - деп атап өтті білім басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде түрлі құқықбұзушылықтар, суицид пен ерте жүкті болып қалу мәселелері Астананың колледждерінде ғана емес, бірқатар жоғары оқу орындарында да белең алып тұр.