Астанада сурет шеберлерінің «Күзгі Арт-Салон» халықаралық көрмесі ашылды

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Хас Санат» галереясында «Күзгі Арт-Салон» атты сурет шеберлерінің халықаралық көрмесі ашылды.

Астанада сурет шеберлерінің «Күзгі Арт-Салон» халықаралық көрмесі ашылды

Онда Испания, Голландия, Ресей, Австрия, Хорватия, Қырғызстан мен Қазақстанның 22 суретші салған 70-тен астам майлы бояу, акварель мен қолөнер туындыларын тамашалауға болады. «Бүгінгі көрме елорданың мәдени-рухани өміріндегі тағы бір үлкен оқиға деуге болады. Бұл жерде бұрыннан бері көрінбей жүрген қазақстандық суретші Ерболат Төлепбайдың үздік шығармасын көруге болады. Өзіндік техникасы мен бояу мәнері бар керемет жұмыс. Сондай-ақ француз Ясин Тукан Вайан мен ресейлік Константин Батынковтың туындыларын ерекше атап өтер едім. Олардың жұмыстары шыншыл әрі абстракциялық үлгіде берілген. Әсіресе, Батынковтың үш шығармасы көз жауын алады. Ол қара мен ақ бояуды шебер қолдана білді. Былайша қарағанда, екі-ақ түс, бірақ оның арғы жағында түрлі-түсті әлем жатқандай болып көрінеді. Меніңше, бұл көрме қала тұрғындарына ғана емес, жас суретшілерге де оң әсерін тигізеді», - дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мәдениет қайраткері Ермек Асылханов.