Астанада суретші Ә. Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық конференция басталды

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық конференция басталды.

Астанада суретші Ә. Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық конференция басталды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев атап көрсеткендей, бүгінде Әубәкір Ысмайылов сынды қазақ халқының белгілі тұлғаларын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу - маңызды міндеттердің бірі. «21 ғасырда ата-бабаларымыздың жолын жалғастырып, Қазақстанның атын шығаратын талай азаматтар болады. Алайда біз бұған дейін халқымыздың ұлттық өнері мен мәдениетіне өз үлесін қосып кеткен тұлғаларды еш ұмытпауымыз қажет», - дейді Т. Қышқашбаев.

Конференция аясында Ә.Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлем көшпенді бояуында» атты көрме де ашылады. Онда қылқалам шеберінің 1930-1990 жылдары дүниеге әкелген 100-ге жуық кескіндемелік және графикалық туындылары ұсынылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитетiнiң төрағасы Болат Кальянбековтің айтуынша, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi үш тiлде (қазақ, орыс, ағылшын) «Әлем көшпенді бояуында» атты кітап-альбомын жариялайтын болады. Сонымен қатар министрлiк суретшiнiң туған-туыстарының естелiктерi негiзiнде деректi фильм түсiрудi қолға алуда. Оған ресейлiк мамандар да тартылатын болады. Әубәкiр Ысмайылов - ҚР мәдениет қайраткері, әр жылдары Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Халық суретшісі атағын иеленген. Оның бай мұрасы бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорынан лайықты орнын алып отыр. Хас шебердің кескіндемелік және графикалық туындылары өзінің орындалу шеберлігімен, тақырыбы мен сюжетінің шексіз алуандығымен, бояуының байлығымен және образдарының философиялық көтеріңкілігімен таңғалдырады.