Астанада суретші Қазақбай Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі ашылады

АСТАНА. 19 ақпан. ҚазАқпарат - 20 ақпанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Мұражайында белгілі кескіндемеші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қазақбай Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтеді.
None
None

Көрме мұражайдың серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады осы мәдениет ордасының баспасөз қызметі. .

Осы өңірде туып-өскен суретшіні оның көз алдында болып жатқан орасан зор өзгерістер бей-жай қалдырмайды. Көне заман мен қазіргі тұрмыстың бейнелерін сомдай отырып, ол өз туындыларынан дәстүрлердің мызғымастығын, дала даналығының, өмірге шынайы құштарлық пен ұлы арманның көзге ілінер айғақтарын іздейді. Ол Ұлы Даланың еңбексүйгіш халқына жарқын өмір мен бақыт сыйлайтын арманды аңсады. Мұндай айғақтарды суретші қоршаған ортадан, өзінің ішкі жан дүниесін қалыптастыратын нәрселерден табады. Осыған байланысты ұйымдастырушылар көрменің басты мағыналық және көркемдік түйінін дәуірлер тоғысында дүниеге келген Арманды іске асырушы - жаңа Көшбасшы, жаңа қоғам, жаңа Қазақстанның жарқын бейнесін анағұрлым ашып көрсететін «Астана таңы» кескіндемесінен табады. Көрме экспозициясында автордың шығармашылық дамуының әр кезеңінде оның атақты «этноромантикалық стилін» паш ететін Тұңғыш Президент мұражайының коллекциясындағы жұмыстары мен әр жылдары дүниеге келген кескіндемелері де дәл осы туындының маңында жүйелі түрде өз орнын тапты.

Оның шығармашылығының басты тақырыбы тарихи мұра, ұлы тұлғалар мен ұлы оқиғалардың бейнесі, мысалы, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының коллекциясындағы «Жеті жарғы» (2003 ж.) монументальды жұмысы.

Өнертанушы Н.Иванина Қ. Әжібекұлының қайталанбас шығармашылық қолтаңбасын «этноромантикалық» стиль деп сипаттайды. Шынымен де, суретшінің туындылары Ұлы даланың рухымен үндестікке шақыратын сезім қалдырады. Суретшінің шығармашылық ізденістері, орындау мәнері жайлы оның алғашқы жұмыстарын соңғыларымен салыстыра отырып көруге болады. Шығармашылық жолындағы алғашқы туындыларының қатарында «Алтын Дала» (1996 ж.), «Қыз Жібек» (1997 ж.), «Сарыарқа көшi» (1997 ж.), «Көшпенділер» (1997 ж.) полотноларын атауға болады.

Ол Әлібай Бапанов пен Кенжебай Дүйсембаевтың шәкірті, 1986 жылдан бастап республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. Қазіргі таңда Қ.Әжібекұлы өзіндік қолтаңбасы бар автор, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, көптеген жүлделердің лауреаты, соның қатарында Ә. Қастеев атындағы арнайы сыйлықтың (1999 ж.), ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (2001 ж.). «Астана-Бәйтерек», «Астананың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» сынды көптеген байқаулардың жеңімпазы, ҚР Президенті стипендиясының (2009 ж.) және Мемлекеттік стипендияның (2010 ж.) лауреаты. 2012 жылы Қ. Әжібекұлы «Қазақ халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлері» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, өзінің шығармашылық ұстанымдарына деген адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар