Астанада суретші Р.Гуманюктің жеке көрмесі ашылды
Көрмеде 2007 және 2012 жылдар аралығында салынған 28 туынды ұсынылған. "Запорождықтардың шабуылы", "Богдан Хмельницкий", "Иван Мазепа", "Кобзарь", "Карпатта", "Казак" натюрморты, "Шалдар", "Гуцул қыз", "Шығарып салу" сынды суреттер Украина тарихына және қазіргі заман келбетіне арналған. Шығыс және Қырғызстан тақырыбы "Қомыз ұстаған қыз", "Ханның қызы", "Портрет", "Бұхарлық натюрморт", "Көзеші" және тағы басқа туындыларда көрініс тапқан.
Гуманюк Роман 1985 жылы Бішкекте дүниеге келген. Бейнелеу өнері студиясының түлегі. Оның ең алғашқы көрмесі Қырғыз-Ресей славян университетінде авторға небәрі 7 жаста болғанда өткен.
"Жастайынан ол Бішкекте бұлттармен таласқан қырғыз тауларын, олардың ұшар басындағы мұздақтарды көріп өсті. Оның қылқаламынан шыққан алғашқы туындылар таумен байланысты болғаны да заңдылық еді. Кәнігі суретші ретінде қалыптасқанымен, ол осы уақытқа дейін асқаралы тауларды салудан айнымай келеді. Украиндық тақырып пен қырғыз таулары - Роман шығармашылығының басты бағыттары", - дейді мұражай директоры Нелли Шиврина.
Романның ең алғашқы ірі жеке көрмесі осыдан 12 жыл бұрын Г. Әйтиев атындағы ұлттық бейнелеу өнері мұражайында өтті және Чернобыль зұлматына арналды. Оның жасы сол кезде небәрі 15-те болатын. Содан бері қылқалам шеберінің 7 көлемді көрмелері өткізілді. Суретші түрлі техникаларда, түрлі жанрларда жұмыс жасайды. Соңғы он жылда Роман Вашингтонда (АҚШ), Авиньонда (Франция), Флоренцияның халықаралық қазіргі заман биенналесінде көркемсурет көрмелерін өткізген.