Астанада Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған мәдени-танымдық кеш өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше, 9 маусым күні Астанадағы "Шабыт" өнер сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен алты алаштың ардағы, арқалы ақын - Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған "Алатаудың ақиығы" атты мәдени-танымдық кеш өтті.

Астанада Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған мәдени-танымдық кеш өтті (ФОТО)

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Түбі бір түркі халықтарына ортақ тұлғаға арналған кешке Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның танымал ғалымдары мен өнерпаздары қатысты.

Жиынды "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйлеп ашты. Қырғызстан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, академик Абдылдажан Ақматалиев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі баяндама жасады.

Бұдан кейін кешті Сүйінбай мұраларын орындаушылар жалғастырды. Атап айтқанда, белгілі өнерпаздар Саят Медеуов, Ақан Әбдуәлі, Ерболат Шалдыбеков, Жылбек Тоқтасынов, Елікбай Иса, Дамир Абашев, сондай-ақ, Өзбекстаннан келген жыршы Жәнібек Пиязовтың орындауындағы ән мен жырды көрермен жылы қабылдады.

Сонымен қатар, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, "Сүйінбай сазы" фольлкорлық-этнографиялық ансамблі, "Қорқыт ата" атындағы жетігеншілер ансамблі, Қазақ Ұлттық өнер академиясының симфониялық оркестрі қатарлы өнер ұжымдары да Сүйінбай туындыларын заманауи сипатта орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Концерттік бағдарламаның айрықша жаңалығы - Сүйінбай жырларының түркі дүниесіне ортақ саналатын байырғы қобыз сарынынан бастап бүгінгі классикалық музыкамен ұштастырыла орындалуы болды.

Арнайы шақырылған Сүйінбай ұрпақтары салтанатты кештің куәсі болды.

Айта кету керек, алқалы жиынның өтуіне "Нұр Отан" партиясымен қатар Алматы облысының Жамбыл ауданы әкімдігі және Қазақ Ұлттық өнер университеті қолдау көрсетті.

Осы кешке орайластырып, Халықаралық Түркі академиясы Сүйінбай мен Тезек төре айтысының аудиодискісі мен "Алатаудың ақиығы - Сүйінбай" атты жинақты кеш қонақтарына тарту етті.