Астанада суырыпсалма ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтілді
АНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында қазақтың суырыпсалма ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының 175 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Кеште Тараз, Шымкент, Қызылорда өңірлерінен, Алматы мен Астана қалаларынан белгілі термешілер мен жыршылар Майлықожа шайырдың талай ақынды бет қаратпай, жіпсіз байлаған өлеңдерін және жырларын оқыды.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен.
«Халқымыздың жырымен, әнімен, өсиетімен, нақыл сөздерімен, эпостарымен рухани байлығын арттырған бабалар аз емес еді. Соның бірі бүгін біз Президенттік мәдениет орталығында 175 жылдығына кеш арнап отырған мәдениетіміздің ірі тұлғаларының бірі - ол Майлықожа Сұлтанқожаұлы»,-дейді Президенттік мәдениет орталығының басшысы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
«Былтыр Түркістанда Майлықожаның 175 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар дәстүрі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болып өткен. Енді бүгін елді жинап, Астананың төріне шығарып, Майлықожа бабамыздың жырын, өсиетін, ақылын халықпенен бөлісейік деп отырмыз», - деп атап көрсетті ол.
Майлықожа ақынның бір топ өлеңдері Я.Лютиштің құрастыруымен 1883 жылы Ташкентте басылып шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» кітабына енген. Майлықожа Сұлтанқожаұлы ауыз әдебиетін жақсы білген, фольклоршы Ә.Диваев мол деректерді Майлықожадан алған. Көптеген өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» кітаптарында және «Нақыл» атты жеке жинағында жарияланған. «Айтыс» жинағына ақынның бірқатар айтыстары енген.