Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты мәселелері талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы қаланың ресми сайты хабарлады.
Шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес түрлері, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту мәселелері талқыланып, кездесуге қатысушылар азаматтарды сыбайлас жемқорлықтың кез келген белгілеріне немқұрайлылық танытпауға шақырды.
«1999 жылы ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстан бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң әзірлеп, қабылдады. Содан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасы ұдайы жетілдіріліп келеді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Каскин.
Оның айтуынша, департамент мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылауды күшейтуге, яғни азаматтардың сенім деңгейін арттыруға басымдық беріп отыр, бұл елімізде жемқорлық жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес прокуратура органдарының да басты міндеті.
«Қазіргі кезде жемқорлықтың бірнеше түрі бар - заңды және заңсыз іс-әрекеттерді жасағаны үшін пара беруден бастап, лауазымды тұлғалардың қатысуымен күрделі операцияларды іске асыруға дейін және т.б. Бірінші тоқсанда құқық қорғау және арнайы органдармен 109 жемқорлық құқық бұзушылық жағдайы анықталып, тіркелген. Бұрынғыдай қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу және беру жағдайлары жиі кездеседі», - деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Берік Мелдебеков.
Сыбайлас жемқорлықтың таралуына азаматтардың өз құқықтары мен мемлекеттік қызметтер ұсынудың тәртібі туралы тиісті дәрежеде хабардар болмауы ықпал етеді.
«Адамдар белсенді азаматтық көзқарасты ұстануы керек, өз-өзіңді қорғап, лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыздыққа шыдамсыздық таныту керек. Бүгінде азаматтық көзқарасыңды жеткізуге болатын алаңдар көп және кез келген мемлекеттік органға жүгінуге болады. Сайттарға кіріп, өтініш қалдыруға немесе call орталыққа хабарласуға болады. Барлығы азаматтарға жемқорлықпен күресуге көмектесуге дайын», - деді Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюро штабы басшысының орынбасары Дінмұхамед Шермаханбетұлы.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар, жемқорлыққа қарсы тәрбие беру мектептен басталатынын атап өтті. Кездесу соңында қалалық мектептер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен шығармалар мен сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.