Астанада табылған мамонттың азу тісі Тәуелсіздік сарайының мұражайына қойылады

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астананың қақ ортасында табылған мамонттың азу тісі Тәуелсіздік сарайының мұражайында сақталатын болады.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы К.Ақышев атындағы археологиялық ҒЗИ-дың аға ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, кеше қазанның 27-сі күні Астана қаласының сол жағалауында бой көтеріп жатқан «Изумрудный» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жұмысшылар мамонттың тісін тапқан болатын. Құнды олжа дереу К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институты мамандарының қолына тапсырылды.

«Анықталғандай, табылған жәдігер Астана аумағын біздің эрамыздан 1-1,5 миллион жыл бұрын мекендеген мамонттың азу тісі, оның ұзындығы - 32 см, тамырының ұзындығы - 21 см, ал ені - 8,5 см»,  дейді ол. Ең қызығы, тістің салмағы  4 келі. Ғалымдардың айтуынша, тіс тастанып кеткендіктен де ауыр болуы мүмкін. Енді тарихи жәдігерді кез келген тұрғын Тәуелсіздік сарайындағы Астана қаласының тарихына арналған мұражайдан көре алады.

Айта кетейік, бұл елорданы салу барысында табылған жалғыз археологиялық олжа емес, үстіміздегі жылғы қыркүйек айында нақ осы «Изумрудный» тұрғын үй кешенінің маңынан мамонттың 1 метр 32 сантиметр болатын мүйізі, ал алдыңғы жылы Ақорда жанындағы көпірді тұрғызу барысында осындай мамонттардың тағы 2 мүйізі табылған еді. Әр жылдары Астана аумағында табылған бұл алып жануардың  мүйіздері бесеу болып отыр.

Институт директоры Марал Хабдулина, «өкінішке қарай, осы уақытқа дейін табылған артефактардың ішінде ғалымдардың қолына түскені тек мамонттың тісі ғана», дейді. Қалғандары оларды тапқан жұмысшылардың қолында қалған. «Бізде археологиялық маңызды заттар үшін сыйақы беруді қарастыратын заң бар, бірақ ол жұмыс істемейді. Тіпті, ел аумағында жерді қазуға қатысты қандай да бір жұмыстарды бастамас бұрын, құжаттар топтамасында сол жер тексерілгендігі және онда ешқандай тарихи ескерткіштер табылмағандығы туралы археологтың сараптамалық қорытындысы болуы тиіс. Ал бізге осы уақытқа дейін ешбір орган мұндай жұмыстарды жүргізу өтінішімен келген жоқ»,  дейді ол.

Соңғы жаңалықтар