Астанада тағы бес экспресс автобус жүретін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 29 тамыздан бастап тағы бес экспресс жолаушылар тасымалына кіріседі. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Айгүл Жамалова мәлім етті.

Астанада тағы бес экспресс автобус жүретін болды

«2015 жылдың 29 тамызынан бастап Астана қаласында тағы бес экспресс автобус жолаушылар тасымалына кіріседі. Бұл бастаманы Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Астана LRT» ЖШС бірге қолға алды. Басты мақсатымыз - тұрғындары көп аудандардағы қоғамдық көлік қозғалысының сапасын жақсарту»,-деп атап өтті ол.

Сонымен, 29 тамыздан бастап елордада №100,101,102,103,104 автобустар жолға шығады.

«Соның ішінде, №100 маршруты Астана халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалын жалғастырады. 7 аялдамаға ғана тоқтайтын автобус қаланың екі шетін шамамен 43 минутта жүріп өтеді. №101 маршрут ауданаралық емхана мен Жағалау тұрғын үй алабын байланыстырады. №100 және №101 маршрутта 10 автобус жүреді. №102 маршрут Көктал-2 шағынауданы мен клиникалық оңалту кешенін байланыстырады. №103 маршрут «Шарын» базары мен Қараөткел-2 тұрғын үй алабы арасында жүреді. Ал, №104 маршрут «Көктал-1» аялдамасы мен «Сарайшық» тұрғын үй кешені арасында жүреді»,деп түсіндірді ол.

Алайда, енді экспресс автобустардағы жол ақысы бұрынғыдай 120 теңге емес, 150 теңге болады.