Астанада «Тағзым мен тағылым» атты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған шара өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазының айтуынша, жалпы бұл қала бойынша ұйымдастырылған жалғыз шара емес. «Тамыздың 23-і күні Астанада 12-ші қалалық тілдер фестивалі Абай ескерткішінің алдында ақынға тағзым етуден басталған болатын. Бүгін, елордадағы Бөгенбай батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бабаға бас идік. Биыл 100 жылдығын тойлап отырған Баукеңнің ескерткішінің алдына да тағзым жасадық», деді ол.
Сондай-ақ алдағы күндері «Тағзым мен тағылым» айдары аясында Жәнібек пен Керей хандардың және Кенесары Қасымұлы ескерткіштерінің алдында өскелең ұрпаққа өнеге боларлық рухани басқосулар ұйымдастырылып, бабалар рухына тағзым жасалмақ.
Ұйымдастырушылар осындай кештер арқылы, қазақтың ұлы тұлғалары арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, мәртебесін биіктетуді көздейді.
«Орысша, ағылшынша, қытайша біле бер, бірақ өз ана тіліңде еркін сөйлеуің керек. Өз еліңді ғана емес, өзге елге қорған болатын жастар болыңдар. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді меңгеріп, өмірге кеңінен енгізу арқылы өздерінің шын ұлтжанды екендігін білдіруі тиіс», деді О. Асанғазы жұрт алдында сөйлеген сөзінде.
Шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, мектеп оқушылары мен оқытушылар, қала қонақтары жиналды. Мектеп жасындағы жеткіншектер ақынның өлеңдерін оқып, қазақтың дәстүрлі әндерін шырқады.
Жылдағы дәстүр бойынша фестиваль аясында мемлекеттік қызметкерлер арасында «Мемлекеттік тіл- мемлекеттік қызметте» атты конкурс, мектепке дейінгі балалар арасында «Кел, балалар, оқылық!» атты балалар мерекесі өтті. Бұдан бөлек, биылғы фестивальдің ерекшелігі - «Тілі бірдің - тілегі бір» атты қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің республикалық жастар форумын өткізу көзделген.