Астанада талантты балалар арасында «Жұлдыз» ән байқауы өтті
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы «Ренессанс» би студиясының концерт залында талантты балалар арасында «Жұлдыз» ән байқауы болды.
Шара ҚР Мәдениет министрлігі мен «Биік самғау» қоғамдық қоры мұрындық болуымен өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты талантты жас ұрпақтың арасынан келер күннің жарық жұлдыздарын табу, жастарды өнерге бейімдеп, олардың рухани мәдениетін байыту.
Шараға ҚР Мәдениет қызметкері, «Ұлан» президенттік оркестрінің әншісі Эльмира Жаңабергенова, әнші Маржан Арапбаева, «Шабыт» республикалық фестивалінің жеңімпазы, әнші Әлихан Дүйсенбай, диктор, продюсер Өмірбек Құрмаш, Алматы қаласының мемлекеттік филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблінің балетмейстері, әрі ұстазы Зәуре Үмбетқұлова сынды өнер адамдары қазылық жасады.
Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтары мен дипломдарына ие болды.