Астанада "Тамаша адамдар өмірі" сериясымен жарыққа шыққан "Шәкәрім" атты кітаптың тұсаукесері өтті
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Тамаша адамдар өмірі" сериясымен жарыққа шыққан "Шәкәрім" атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақстанның алтын қорына енгізілген дүниенің авторы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов. Айта кетейік, "Тамаша адамдар өмірі" сериясына тек бірді-екілі ғана қазақтың Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Ермұхан Бекмаханов сынды зиялы топ өкілдерінің ғұмырнамалары енген. Кітапта Шәкәрімнің тарихи, публицистикалық, философиялық ғылыми еңбектері азаматтық позицияда, ғылыми көзқараспен сарапталып, зерделенді.
"Жабайхан Әбділдин бастаған Мемлекеттік комиссия 1988 жылы Шәкәрімнің нақты, соңғы ақталуына үлкен еңбек сіңірді. Сол 10-15 жылда біраз еңбектер жасаған едік. Соның бір қорытындысы, Шәкәрімді Мәскеудегі "Молодая гвардия" баспасындағы "Тамаша адамдар өмірі" сериясымен шығару арманымыз еді. Өйткені 10-15 жылда Шәкәрімді бір қазаққа жеткілікті дәрежеде зерттедік те, жеткіздік те, жүрегінен орын алып бердік те. Ал енді орысша оқитын қазақтар бар және орыс аудиториясы бар, олар неге түсінбеске деген ой жетеледі", - дейді автор Ерлан Сыдықов.
Оның айтуынша, кітап 5 мың дана таралыммен шығып отыр.
Сонымен қатар бүгін, тұсаукесер рәсімі барысында соңғы оқу жылында ЕҰУ-нің ғалымдары мен оқытушылары жазған кітаптар арнайы ұйымдастырылған көрмеде оқырман назарына ұсынылды. Онда былтырғы жылы шыққан 70-ке тарта еңбек қойылған. Олардың арасында тағы бір аталып өткен кітап - "Гумилев тұлғалы энциклопедиясы". Лев Гумилевтің 100 жылдығы мерейтойына арналған энциклопедияға 3,7 мыңдай мақала кіргізілген.