Астанада танымал әзірбайжан жазушысы Шыңғыс Абдуллаев шығармашылық кеш өткізді

АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елорда жұрты Астанадағы ҰР Ұлттық академиялық кітапханасында Әзірбайжан халық жазушысы Шыңғыс Абдуллаевпен шығармашылық кездесу өткізді.

Астанада танымал әзірбайжан жазушысы Шыңғыс Абдуллаев шығармашылық кеш өткізді

Ш. Абдуллаев Астанаға ТМД елдерінің «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» форумына қатысу үшін келген болатын.

Шыңғыс Абдуллаев 1959 жылы Бакуде дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар жазушы әзірбайжан мен орыс тілінен бөлек, ағылшын, итальян, түрік және парсы тілдерін жетік біледі. Жастайынан бокспен айналысқан, қарудың барлық түрлерін игерген ол кезінде шетелдерде Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырмаларын орындады. Ерекше мақсаттағы арнайы бөлімді басқарды. Бельгияда, Германияда, Польшада, Румынияда, Анголада, Ауғанстанда қызмет атқарды. Отставкадағы майор, бірқатар үкіметтік наградалардың иегері. Заң ғылымдарының докторы.

Бірде ол еш қатысы жоқ болса да 1986 жылы Чаушескуге жасалған қастандыққа қатысы бар деген күдікпен Румыниядан аластатылды. Себебі ол оқиғаны бүге-шігесіне дейін өз романына қосқан болатын. Намибияда ол тұтқындалған Ангола командирлерін босату операциясына қатысты. Ол операциядан тек төрт адам ғана тірі келген болатын.

«Голубые ангелы» атты ең алғашқы романы КГБ архивінде үш жыл жатты. Романға тыйым салды, өйткені онда аса құпия мәліметтердің бары анықталды. Кейін 1988 жылы жарыққа шыққанымен бірнеше редакциялық түзетулерге ұшырады.

Шыңғыс Абдуллаевтың әдеби еңбекқорлығы жайында көп айтылып жүр. Шынында да, жазушы соңғы бес жыл бойы 1,5 айда бір роман басып шығаруда. Қазіргі уақытта оның қаламынан 147  роман, 400 астам мақала, 50 жуық телесценарий шықты. Оның кітаптары 28 тілге аударылып, ТМД елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Швеция, Норвегия, Дания, Бельгия, Германия, Түркия, Иран, Румыния, Израиль, Болгария, Польша, Сербия, Албания, Балтық, Венгрия сынды елдерде жалпы тиражы 26 миллион кітап болып басылды.

1989 жылдан бастап жазушылықпен қатар Әзірбайжан жазушылар одағының хатшысы мен әзірбайжандық ПЕН-клубтың вице-президенті қызметтерін атқарып жүр.

«Мен Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Маған Сіздердің халықтарыңыз ұнайды, ал оның ыстық достығы менің жанымды масаттандырады. Меніңше бүгінгі шығармашылық кеш еселі болады. Себебі мұнда біз достарымызбен бірге кездесудеміз», - дейді әзірбайжандық жазушы.