Астанада танымал меценат С. Ысқақовтың «Дүние дидары жиһангездің көзімен» фотокөрмесі ашылды
«Осы көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатым әлемдегі түрлі халықтар туралы, олардың мәдениеттері, тарихы, қалалары, өңірлері, өмір салты жайлы өзіміздің елордалықтарға таныстыру. Мен 100-ден астам елде болдым. Сондағы сезінген, көргенімді жалпақ жұртқа жеткізгім келді»,-дейді С.Ысқақов.
Жиһанкез аталмыш көрмені Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап отыр. Көрмеге жалпы саны 113 фотосурет ұсынылған.
Айта кетейік, ол жер шарының 6 құрлығының 100-ден астам елін аралап, Антарктида мен Арктикаға табаны тиген алғашқы қазақтардың бірі. С.Ысқақов 2007 жылы Оңтүстік полюстен шамамен 100 шақырым жерде орналасқан «Амундсен-Скотт» американдық стансысында болып, онда Қазақстан мен «Нұр Отан» партиясының туларын орнатқан болатын. Ал 2008 жылы Жердің ең Солтүстік нүктесінде Қазақстан туын желбіреткен еді. Сондай-ақ Гималай тауында болып, Хан-Тәңірі шыңына көтерілген. С.Ысқақовтың «Тілеп», Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қайырымдылық қорлары жұмыс істейді.
С. Ысқақов «Халықаралық туризм және спорт академиясының» және «Халықаралық меценаттық академиясының» академигі, «Құрмет» (Қазақстан), «Держава» (РФ), «Рубиновый крест» (РФ), «Патшайым Виктория» атындағы (Ұлыбритания) ордендердің кавалері, ҚР Президентінің құрмет дипломының және «Алтын медаль» (Швейцария) наградасының иегері.
Оның аты Ресейде де танымал. 2007 жылы ол Ресейде «Жыл меценаты» атанып, «Ұлттың алтын қоры» тізіміне енгізілген.