Астанада тапшы мамандықтар анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы тапшы мамандықтарды анықтау үшін арнайы орталық мониторинг жүргізеді. Қазіргі кезде еңбек нарығында техникалық және құрылыс мамандарына сұраныс жоғары, деп хабарлады «Астана ақшамы» газеті.
Атап айтқанда, өнеркәсіптің түрлі салаларындағы инженерлер, соның ішінде инженер-механик, инженер-жобалаушы, инженер-энергетик, даяшылар, аспаз, монтаждаушылар, электр маманы, электромонтаждаушы-реттеуші, газэлектрдәнекерлеушілер, сантехниктер, темір ұсталары, қырнаушылар жетіспейді. Жыл басынан бері Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп 3 536 адам жүгінсе, олардың 55%-ы - 29-ға дейінгі жастар.
Биыл қыркүйек айында 97 адам он айлық кәсіби даярлау курсына оқуға жіберілді. Мамандар Астана қаласы әкімдігінің Энергетика және байланыс, Даналық және Басқару колледждерінде даярланды. 164 адам газ-электр дәнекерлеуші, тігінші-үлгіші, тәрбиелеуші, электр маманы, сатушы-кассир, аспаз мамандықтарын жаңадан меңгерді.
Кәсіби машықтарын арттырғысы келетіндерге арналған бухгалтер, қойма меңгерушісі, медбике, тәрбиеші, ағылшын тілі, ыммен сөйлеу аудармашысы, аспалы кран машинисі курстары бар.
«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жастарға лайықты жұмыс орындарын ұсынудан басқа, 6 айлық жастар практикасына қатысу мүмкіндігі беріледі.