Астанада тарихи маңызы зор қос кітаптың тұсаукесері өтті
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппараты мен Президенттің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі қоры бірігіп, тарихшы-ғалымдар - Дина Аманжолова мен Найля Бекмаханова кітаптарының тұсаукесерін ұйымдастырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Дина Аманжолованың орыс тіліндегі «Бетбұрыс кезеңінде: Қазақстанның этносаяси тарихындағы Алаш» атты туындысын жақында баспадан шығарып, Мәскеуде үлкен кездесу ұйымдастырдық. Бүгін Астанада тұсаукесер рәсімін өткізудің реті келіп, автордың өзін шақырдық. Сонымен бірге, Мәскеуде Найля Бекмаханованың бастауымен «Қазақстан мен Орталық Азияның Ресейге бірігуі (XVIII-XIX)» атты мұрағаттық негізде тағы бір маңызды үлкен кітап жарық көрді», - деді «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Карин. Дина Аманжолова мен Найля Бекмаханова өз шығармалары жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Содан кейін Д.Аманжолова Ұлттық академиялық кітапханаға өзі құрастырған Алаш тақырыбына қатысты екі құжаттамалар жинақтамасын сыйлады. Шараға қазақстандық ғалымдар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, елордадағы университеттердің оқытушылары мен студенттері қатысты.