Астанада тарихшы және көсемсөзші Әміржан Әлпейісовтің шығармашылық кеші өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, тарихшы, көсемсөзші, ғалым Әміржан Әлпейісовтің «Жас тұлпар дүбірі» атты шығармашылық кеші өтті.
Ә.Әлпейісовтің шығармашылық кешіне Астананың шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, Ақмола облысы ІІД тыңдаушылары, жазушының жақындары мен достары шақырылды.
Шара аясында шақырылғандарға «Жас тұлпар» адамдарының ізімен» деректі фильмі және жазушы шығармашылығы туралы фильм көрсетілді.
«Жас тұлпар» тарихы 1963 жылы Мәскеуде басталды. Мәскеудегі, Ленинградтағы және басқа да Ресей қалаларындағы қазақ студенттерін өз халқының болашағына қызмет ету ұлттық идеясы біріктірді. Өз халқының тәуелсіздігін аңсаған жас қазақ студенттері қозғалысының бастауында Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болат Қисаров, Болатхан Тайжанов, Әнуар Сартбаев, Темірхан Бектібаев, Серік Бәйкенов, Мақаш Тәтімов, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Балтабаевтар тұрды. Өз халқының тәуелсіздігі идеяларымен қанағаттанған қазақ студенттері кеңес идеологиясына қарсы тұрды, оларға қарсы қозғалған қылмыстық іс 20 жылдан кейін ғана тоқтатылды.
Келушілердің назарына Ә.Әлпейісовтің «Жас тұлпар дүбірі», «Азаттық аңсаған Сарыарқа» кітаптары, әңгімелер жинағы, көптеген жарияланымдары ұсынылды.
Ә.Әлпейісов - жеті кітаптың, төрт оқу құралының және 100-ге тарта ғылыми жарияланымдардың авторы.
«Біз басты байлығымыз - осынау жерімізді сақтап қалған ұлы халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да біз ата-баба аманатын қастерлеуіміз қажет. Біздің бабаларымыздың асқақ рухы сонда ғана бізге күш береді. Менің кітаптарымның басты мақсаты - қазіргі жастарға өзінің қазақ халқының тәуелсіздігі идеяларымен өмір сүрген жастар туралы айтып беру болды», деді Ә.Әлпейісов.
Кешті ұйымдастырушылардың атап өтуінше, автордың кітаптары неміс, поляк тілдеріне аударылған. Қазір Ә.Әлпейісов тарихи тұлғалар - генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Лавр Корнилов туралы кітаптар жазумен айналысуда.