Астанада Татарстан Республикасы өнер шеберлерінің гала концерті өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елордада Бейбітшілік және келісім сарайында Астанадағы Татарстан Республикасының мәдениет күндері аясында Татарстан Республикасы өнер шеберлерінің гала концерті өтті.

Астанада Татарстан Республикасы өнер шеберлерінің гала концерті өтті

«Қазақтар мен татарлардың бауырластығы тамыры тереңге кеткен қарт тарихпен астасып жатыр. Ортақ тегіміз, дініміз, салт-дәстүріміз, туысқан тіліміз біздің халықтарды мәңгілікке біріктірген. Астанада өтіп жатқан Татарстан Республикасының мәдениет күндері болашақ өзара тиімді және жемісті қарым-қатынастың негізін бекіте түсерлік сан ғасырлық достық пен ағайындықтың тағы бір дәлелі болғандай», - деді концерттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Татарстан Республикасының президенті Рүстем Минниханов Қазақстандағы Татарстанның мәдениет күндері екі елдің одан сайын жақындасуына көп әсерін тигізетінін баса айтты. «Біздің дініміз де, тіліміз де бір. Енді келешегіміз де бір болады деп ойлаймын. Осынша ыстық ықыласпен, кең пейілмен қарсы алып отырған Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке алғысымыз шексіз», - деп атап өтті ол. Айта кетейік, концерт барысында Татарстанның белгілі өнер майталмандары Артур Мингазов, Марат Галимов, Регина Валиева, «Қазан» би ансамблі, Мұса Жәлел атындағы ТМАОБТ және басқа да көптеген әртістер мен ұжымдар өз өнерлерін көрсетті.