Астанада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астана қаласының полицейлері бейсенбі күні «Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу іс-шарасын өткізуге кірісті.

Астанада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бұл туралы елордалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шұғыл алдын-алу іс-шарасының мақсаты - көшелер мен қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.

Іс-шара өткізілетін күндері Астана көшелерінде полиция қызметкерлерінің саны арттырылатын болады.

Онымен қоса, есірткі заттарын, қаруларды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сондай-ақ, Қазақстан Республикасына келу ережелерін бұзатын шет ел азаматтарын анықтау мақсатында «Рубеж» стационарлы бақылау бекеттерінде қалаға кіретін автокөліктер жіті тексерілетін болады.

Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп бұзушылықты болдырмау, қылмыстардың алдын алу, құқықбұзушылықтарға жол беретін тұлғаларды анықтау мақсатында елордалық полиция қызметкерлері құрылыс нысандарына, саяжай алқаптарына сондай-ақ, көңіл көтеру мекемелеріне рейдтер жүргізеді.