Астанада Тәуелсіздікке арналған «Азаттықтың таңынан дамудың даңғыл жолына» атты оралмандар форумы өтеді
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ертең, яғни 14 желтоқсан күні Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Көшіп-қонушылардың ақпараттық және аналар мен балаларды қолдау «Мейірім-Демеу» орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Азаттықтың таңынан дамудың даңғыл жолына» атты Астана қалалық оралмандар форумын өткізеді. Бұл туралы бірлестіктің баспасөз орталығы хабарлап отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның мақсаты - Тәуелсіздіктің айтулы жемістерінің бірі - алыс-жақын шетелден келген бір миллионға жуық қандастарымыздың оралуы болса, солардың ішіндегі өнер, спорт, медицина саласында қызмет ететін адамдардың, ғалымдар мен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың еліміздің экономикасы мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлестерін насихаттау, қандастарымыздың қазақ еліне деген сүйіспеншлігін жеткізу.
Шара Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ-нің әлеуметтік ғылымдар факультетінің мәжіліс залында 16:00-де басталады.