Астанада тәулігіне 35-40 бала қызылшамен ауруханаға түседі
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 220 бала қызылшаға қарсы ем алуда, екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева баяндады.
«Бүгінгі таңда балалар жұқпалы аурулар емханасында 220 бала ем қабылдауда, оның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы төсек-орынның 44%-ында науқас бар. Тәулігіне балалар ауруханасына 35-40 бала қызылша ауруы диагнозымен жатқызылады. Ал қалалық емханаларда 114 бала қызылшадан амбулаториялық ем қабылдауда», - деді спикер Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Маманның айтуынша, бұл аурудың алдын алуда вакцина маңызды рөл атқарады және қоғамдық денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Барлық емханаларда 6 айдан 10 ай 29 күн және 2-4 жас аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы қосымша вакциналау жалғасуда.
«ЖРВИ және қызылша ауруларына медициналық көмек көрсету үшін емханаларда сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін сүзгі кабинеттері жұмыс істейді. Сондықтан тек стационардың қабылдау бөлмесіне ғана емес, тіркелген жеріңіздегі емханаға да жүгіне аласыз. Вакциналау кабинеттері жұмыс күндері сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жазылусыз жұмыс істейді. Науқаспен байланысқан жағдайда тіркелген емханаңызда 72 сағатта вакцина ала аласыз», - деп түсіндірді Гүлназ Досмырзаева.
Айта кетейік, елордада ересектер арасында қызылша жұқтыру жағдайы 49-дан 71 адамға дейін көбейді. Ал 1 жасқа дейінгі және 3 жастағы балалар арасындағы сырқаттану керісінше желтоқсан айымен салыстырғанда төмендеген.