Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында салауатты өмір салты фестивалі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 19 және 20 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында салауатты өмір салты фестивалі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара амфитеатр мен The St. Regis Astana қонақүйінің арасында орналасқан «Астананың басты спорт алаңында» өтеді.
Екі күнде де спорттық бағдарлама сағат 15:00-де басталады.
Фестиваль аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін күштік көше спорты түрлерінен турнир ұйымдастырылады. Алаңда гантельдер, гирлер, штангалар, еркін салмақтар, гимнастикалық сақиналар, арқан, армрестлинг үстелі және басқа да спорттық құрал-жабдықтар ұсынылады.
Сонымен қатар қатысушылар мен көрермендер үшін DJ қатысатын музыкалық бағдарлама әзірленген.
Жарыс жеңімпаздары медальдармен, сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталады.
Турнирге қатысу тегін, көрермендер үшін кіру еркін.
Бұдан бөлек, 19 қыркүйек күні сағат 14:00-де «Таза Қазақстан» акциясы аясында спортшылардың қатысуымен спорт алаңының айналасына ағаш отырғызу шарасы өтеді.
Бұған дейін Астанада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтетінін жазғанбыз.