Астанада театр майталмандары кәсіби мерекелерін атап өтті

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Халықаралық театр күніне орай, Бейбітшілік және келісім сарайында мерекелік концерт өткізіліп, онда қаланың үздік актерлері мен актрисалары марапатталды.

Астанада театр майталмандары кәсіби мерекелерін атап өтті

Осы атаулы күнге байланысты театр өнерпаздарына қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы құттықтауын жолдады.

«Өнер саласының ішінде театрдың алар орны қашанда бөлек. Көрермен көңілін нұрға, жүрегін жырға бөлейтін де, қоғамның рухына дем, ішкі жан дүниесіне ем беретін де - театр өнері. Ендеше, елорда халқының талғамын тәрбиелеп, рухани байыта түсуге қызмет етіп келе жатқан Астана қаласының театр ұжымдарына еңбектеріңіз жансын демекпін!», - делінген Астана әкімінің құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар мерекелік концерт барысында Астана қаласында театр өнерінің дамуына сүбелі үлестерін қосып келе жатқан бірқатар актерлер мен ұжым жетекшілеріне елорда әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

Айта кетейік, қазіргі күні Астанада 7 театр жұмыс істейді. Елорданың алғашқы жылдарында қалада тек екі театр болған. Оның бірі - 100 жылдан астам тарихы бар М.Горький атындағы Орыс драма театры. Сөзсіз аталмыш мәдениет ордасы бір ғасырдан астам уақыт ішінде талай озық-озық сахналық қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Бүгінгі репертуары жергілікті авторлармен қатар, әлемдік және орыс классиктерінің туындыларымен өте бай. 1991 жылдың 15 қарашасында Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ашылды. Аталған өнер ошағы алғаш ашылғалы бері театр ұжымы әрдайым ізденіс үстінде. Ұжымның алға қойған мақсаты да көзі қарақты көрерменге сапалы қойылым қойып, салт-санамызға сай спектакль ұсыну. Бас қаламыздың мәдени өмірінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ұжымның тағы бірі - «Наз» би театры. 1999 жылы Мемлекеттік филармония жанынан «Наз» халық биінің кәсіби ансамблі ретінде құрылған театр, бүгінде «Шабыт» халықаралық байқауының бас жүлдегері, Шара Жиенқұлова атындағы байқаудың тұңғыш жеңімпазы және Қазақстан жастар сыйлығының лауреаты атанып отыр. Елордада 2006 жылы «Терра» би театры құрылды. Оның шығармашылық ұжымы би өнерінің сан-алуан түрлі бағытын меңгерген. Өнер ошағы мың бұралған талантты қыздардан жасақталған. Олардың еншісінде 80-ге жуық би бар. 2007 жылы Астана театрларының қатарына және бір жас театр қосылды. Аты айтып тұрғанындай, Астана қалалық жастар театры елорданың өскелең ұрпағына этикалық және эстетикалық көзқарасқа тәрбиелеу және көрерменнің патриоттық рухта тәлім алуына ықпалын тигізетіндей қазіргі заманғы қойылымдармен қамтамасыз етуде.

Бүлдіршіндер көңілін баурап алған ұжымдардың бірегей - елорданың Қуыршақ театры деуге болады. Бірнеше жыл бұрын құрылған театрдың балалар назарына ұсынылатын шығармалары жас бүлдіршіндердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, таңдалып алынған. Қуыршақ театрының жалпы қоғамдық мәні зор. Себебі ол адамдарды жастайынан сезімталдыққа, рухани тазалыққа баулиды.

Ерекше атап өтетін ұжымдардың бірі - Астана көңілді тапқырлар театры. Бұл ұжым негізінен қалың қазаққа «Базар жоқ» атымен жақсы таныс. Өздерінің әдемі әзілдерімен ел-жұрттың көңілін тапқан көңілді тапқырлар театрының жетекшісі - Тұрсынбек Қабатов.

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының ІХ конгресімен бекітілді және жыл сайын 27 наурыз күні ІТІ Орталықтармен және халықаралық театр қоғамдастықтарымен атап өтіледі.

Дүниежүзілік театр күніне арналған алғашқы халықаралық үндеуді 1962 жылы француз жазушысы және суретшісі Жан Кокто жазды.