Астанада техникалық ақауы бар автобуспен жолаушы тасығандар жазаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу үшін Астана полициясы мен Көліктік бақылау инспекциясы «Автобус» жедел-алдын алу шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада техникалық ақауы бар автобуспен жолаушы тасығандар жазаланды

Астана қаласының Ішкі істер департаментінен мәлім еткендей, 16-18 шілде аралығында өткен рейд барысында автобус жүргізушілерінің жол ережесін бұзудың 280-нен астам фактісі анықталды.

«Аталған фактілер бойынша автобус жүргізушілері әкімшілік жазаға тартылды. Сондай-ақ, кей автобустардың техникалық ақауға қарамастан, жолаушыларды тасымалдауға шығарылғаны белгілі болды. Нәтижесінде 6 лауазымды тұлға мен заңды тұлғаға қатысты әкімшілік жаза тағайындалды», - делінген таратылған хабарламада.

Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жолда жүру ережесін сақтауын қамтамасыз ету мақсатында мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.