Астанада техникалық білім алуға ниетті студенттер саны 6% ұлғайды
АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Елордада «Мамандарды кооперативті дайындау - елорданың тұрақты экономикалық дамуының негізі» атты қалалық форум өтіп жатыр. Оған жұмыс берушілер, ҚР Білім және ғылым министрлігі, техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар қатысуда.
«Форумның басты міндеті студенттерге білім алған тиісті мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесу болып табылады. Қазіргі таңда техникалық білім алуға ниетті жастардың саны 6% артып отыр. Сонымен қатар, бүгін кадрларды дайындаумен айналысатындар мен кадр іздегендер арасында диалог алаңы құрылмақ», - деді елордалық Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина.
Форум барысында салалық ұйымдар, ірі компаниялар мен оқу орындарының арасында келісімдерге, меморандумдарға қол қойылды. Бұдан басқа, шара аясында «Әлеуметтік жобалар», «Инновациялық жобалар», «Білім мазмұнын жаңғырту» блоктарынан тұратын техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Форумда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқаны үшін әлеуметтік әріптестерді Астана әкімдігінің алғыс хатымен, білікті мамандарды даярлауда өндірістік оқытудың үздік шеберлерін грамоталармен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы astana.kz хабарлады.