Астанада тек отандық азық-түлік өнімдерін сататын алғашқы дүкен ашылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тек қана отандық тауар өндірушілердің азық-түлік өнімдерін сататын алғашқы дүкен ашылды. Бұл кілең отандық азық өнімдерін сататын елордадағы ғана емес Қазақстандағы тұңғыш дүкен.
Алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймақтарында бұндай 22 дүкен ашу жоспарлануда.
Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, дүкендегі азық түлік тауарларының үстеме бағасы 15 пайыздан аспайды. Ал «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаеваның сөзіне қарағанда, дүкеннен еліміздің барлық облыстарының азық-түлік тауарларын табуға болады. «Дүкеннен Қазақстанның барлық аумақтарынан, Оңтүстік Қазақстаннан бастап Маңғыстауға дейінгі барлық өңірлерінен әкелінген азық түрлері бар. Үш жүзден астам отандық тауар брендтерінің 2 мыңнан астам аталымы қойылған. Тұтастай алғанда, бұлар әрбір өңірде халықтың арасында танымал болған сүйікті тауар маркалары. Қазақстандағы бірінші дүкен Астанада ашылғандықтан «Астана Халық маркасы» деп аталып отыр. Біз республика бойынша барлық өңірлерден дүкендер желісін ашпақшымыз. Сондықтан да, 22 өңірдегі дүкендердің әрқайсысында өз атауы болады», - деді «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаева.
Айта кетейік, тұңғыш отандық азық-түлік дүкені Астана қаласында Қошқарбаев көшесінде (Қошқарбаев көшесі 41) орналасқан. Еске салсақ, былтырғы жылы Астанада қазақстандық жеңіл өнеркәсіп тауарларының әмбебап дүкені ашылған болатын.